03
May
2019
ХХ Абай, Шәкәрім оқулары
2019 жылдың 30 сәуір күні Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназиясында дәстүрлі қалалық ХХ Абай, Шәкәрім оқулары болып өтті.
Мақсаты:
Қазақ елінің рухани жағынан толысып дамуы үшін Абай, Шәкәрім тереңіне үңілту, ақын қазынасын келер ұрпақтың таусылмас байлығына айналдыру. Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, эстетика-лық талғамдарын, тұлғалық сезім мәде-ниетін дамыту. Абай, Шәкәрім поэзияларына, мұраларына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, тарихи танымдарын, ізгілікке, демократияға және азаматтыққа бағдарланған дүниетаным-дары мен сана-сезімдері, өмірлік айқында-маларын қалыптастыру.
Мектептің дәлізі мен мәжіліс залы «Мақсұтым – тіл ұстартып өнер шашпақ...» атты тақырыпқа сай безендіріліп, «Гетені тірілткен Абай» атты көріністі сахналаумен шымылдығын ашты. Былтырғы Абай, Шәкәрім оқуларының жеңімпазы Сагадиев Рашид пен Халықаралық Латиф Хамиди атындағы байқаудың 1-орын жүлдегері Төленді Абзал өз өнерлері көрерменге паш етті.
Мектеп фойесінде «Абай-мәңгілік дана» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Байқауға қаланың барлық мектептерінен үш бағыт бойынша үміткерлер қатысты.
Қатысушылардың өнерін тамашалап, бағалау үшін арнайы әділ қазы алқасы жұмыс жасады. Абай, Шәкәрім оқуларын ашу құрметі Жетісу мемлекеттік университеті филология ғылымдарының кандидаты С.Қ.Қожағұловқа беріліп, абайтанушы ұстаздың Абай туралы, Абайдың танымы туралы қызықты мәліметіне сусындады. Қалалық білім беруді дамыту орталығының аға әдіскері М.Қ.Садуакасова өз кезегінде қатысушыларды тағы да келіп жеткен мерекемен құттықтап, қатысушыларға Абай әлеміне қанып, өз өнерлерін көрсетіп, жеңімпаз атануларына сәттілік тіледі. Мектеп директоры С.С.Долаев Абай оқуларының қара шаңырақта 20-рет өткізіліп жатқанын, 20 жылда талай дарынның қабілетін ашуға септігін тигізіп келе жатқан білім ордасы екендігін тілге тиек етті.
ХХ Абай, Шәкәрім оқулары үш бағыт бойынша өткізілді: «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясында Абай, Шәкәрім шығармалары жатқа мәнерлеп оқылды. Ақын өлеңдерін оқуға тек қазақ сыныптары ғана емес, сонымен қатар орыс сыныптары да атсалысты.
«Көңілім әнді ұғады» номинациясында қатысушылар Абайдың әндерін орындап сайысты, музыкалық қабілеттерін көрсетті.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясында қатысушылар- жас ақындар өздерінің өлең өрнектеу шеберліктерін көрсетті.
Әділқазы алқасының шешімімен жүлделі орын алған оқушылар марапатталды. Мектеп директоры өз тарапынан ерекше өнерімен, дарынымен көзге түскен оқушыларды марапаттап, ынталандыру сыйлығын тарту етті.
Әр бағыт бойынша бірінші орын алған оқушылар облыстық Абай, Шәкәрім оқуларына жолдама алды.